Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Францияда өткен WTA 500 турниріндегі жеңісінен кейін чемпиондық жарыс рейтингінде сегізінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) 25 мамыр күні жаңартылған чемпиондық жарыс тізімін жариялады. Тізімнің көшін Арина Соболенко (Беларусь) бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Мэдисон Киз (АҚШ) және Мирра Андреева (Ресей) орналасқан.
Елена Рыбакина, Страсбургтегі жеңісінің арқасында, бірден бірнеше сатыға көтеріліп, 8-орынға жайғасты. Бұл нәтиже оған жыл соңындағы WTA қорытынды чемпионатына қатысу мүмкіндігін арттыра түседі, себебі үздік сегіздікке енген теннисшілер осы додада бақ сынайды.
WTA чемпиондық жарысы, 25 мамыр:
1. Арина Соболенко (Беларусь) — 5120 ұпай
2. Мэдисон Киз (АҚШ) — 3349
3. Мирра Андреева (Ресей) — 3055
4. Ига Швёнтек (Польша) — 2878
5. Кори Гауфф (АҚШ) — 2598
6. Джессика Пегула (АҚШ) — 2548
7. Жасмин Паолини (Италия) — 2230
8. Елена Рыбакина (Қазақстан) — 1950
9. Элина Свитолина (Украина) — 1751
10. Эмма Наварро (АҚШ) — 1650
Келесі жарыста Елена «Ролан Гаррос» турнирінде өнер көрсетеді.