Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы каратэден үш бірдей алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Ел қоржынына алтын салған спортшылар:
• Даяна Даренская (–68 кг) — Азия чемпионатында алғаш рет ересектер арасында бақ сынап жатқан отандасымыз финалда жапон қызы Кама Цубасаны жеңіп, чемпион атанды.
• Нұрқанат Ажиканов (–75 кг) — әлем чемпионатының қола жүлдегері бұл жолы ирандық Мортеза Нематиге еш мүмкіндік қалдырмай, алтын иеленді.
• Софья Берульцева (+68 кг) — Токио Олимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Сумире Сугитуды жеңіп, құрлықтың мықтысы екенін тағы бір дәлелдеді.
Бұған дейін Жоламан Биғабыл кумитэ бағдарламасында алтын медаль иеленген болатын. Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында төрт алтын медаль жеңіп алды.
Бұл — каратэден ұлттық құрамамыз үшін зор жетістік және алдағы халықаралық жарыстарға үлкен серпін.