Бейресми ақпараттарға сәйкес, 42 жастағы қазақстандық маман Қайрат Нұрдәулетов алматылық «Қайрат» футбол клубының бас бапкері атануы мүмкін, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Қазіргі уақытта команда қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр — қатарынан үш ойында жеңіліс тапты. Алдымен Қазақстан Кубогынан шығып қалды, одан кейін «Елімайға» (0:1) және «Оқжетпеске» (1:2) жол берді. Осы нәтижелерден кейін клуб басшылығы қазіргі бапкер Рафаэль Уразбахтиннің орнын Қайрат Нұрдәулетовпен алмастыруды қарастырып жатқаны көрінеді.
Айта кетейік, Қайрат Нұрдәулетов — алматылық футбол мектебінің түлегі, ойыншы ретінде кезінде «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, командамен бірге ел чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Бапкерлік жолын Ұлттық құраманың штабында бастаған ол кейін Қазақстан футбол федерациясында құрама командалар департаментін басқарды. Сонымен қатар, жастар құрамасы U-21, «Мақтаарал», «Жетісу» және «Ертіс» клубтарын жаттықтырды.