UFC ұйымында жартылай орта салмақта өнер көрсететін жеңіліс көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базров Рахмонов пен экс-чемпион Белал Мұхаммад арасында өтуі мүмкін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sport-24.kz хабарлады.
— Комментатор Джон Эник қазан айында Абу-Дабиде Шавкат пен Белал жекпе-жек өткізеді деп мәлімдеді. Бұл — аталмыш айқасты ұйымдастыруға үшінші әрекет. Бұл туралы сіз не білесіз? Шын мәнінде, жекпе-жек өтеді деп сенесіз бе?
— Иә, мұндай жекпе-жек өтуі мүмкін деген ақпаратты естідік. Алайда әзірге UFC тарапынан ресми ұсыныс немесе нақты мәлімдеме болған жоқ. Күтейік. Неге болмасқа? Егер біз дайын болсақ, Белал да дайын болса — бұл жекпе-жекті Абу-Дабиде өткізуге әбден болады, — деді Базров Betonmobile порталына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін Рахмонов пен Мұхаммад арасындағы айқас екі рет ұйымдастырылмақ болғанымен, екі жағдайда да жарақаттарға байланысты өтпей қалған.
Қазіргі таңда Белал Мұхаммад соңғы жекпе-жегін мамыр айында өткізіп, Джек Делла Маддаленаға есе жіберді. Ал Шавкат Рахмонов желтоқсанда Иэн Гэрриді жеңгеннен кейін жекпе-жекке шықпаған. Қазір ол отадан кейін қалпына келу үстінде.