21/06/25

Лука Модричке қызығушылық танытқан клуб анықталды — футболшы мансабын жалғастырмақ

«Реал» сапындағы әйгілі жартылай қорғаушы Лука Модрич маусым соңында мадридтік клубтан кетпек. Алайда ол мансабын аяқтамай, футбол ойнауды жалғастыруға ниетті. Бұл туралы Sport-24.kz хабарлайды.

39 жастағы хорват шебері 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатына ұлттық құрамасы жолдама алса, сол турнирге қатысуды мақсат етіп отыр. Бұл ретте, AS мәліметінше, Модричке АҚШ-тың MLS лигасынан бірнеше ұсыныс түсуі мүмкін. Оның үстіне, турнир сол елдерде өтетіндіктен, мұндай трансфер ойыншы үшін тиімді болмақ.

Сонымен қатар Fichajes басылымы «Интер» клубының Модричке қызығушылық танытып отырғанын хабарлады. Журналистердің айтуынша, тәжірибелі ойыншыларды жиі қатарға қосатын миландық клуб хорват жұлдызына ресми ұсынысты Чемпиондар лигасының финалынан кейін жасамақ. Еске салайық, «Интер» 31 мамыр күні «ПСЖ»-мен финалдық матч өткізеді.

Ал Модричтің өзі маусым айында «Реал» сапында клубтық әлем чемпионатына қатысады. Сондықтан трансфер бойынша нақты келіссөздер шілде айында басталуы мүмкін.