Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан Thailand Open-2025 халықаралық бокс турнирінде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы өнер көрсетуде, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Кезекті жарыс күнінің күндізгі сессиясында екі қазақстандық боксшы рингке шықты. Оның бірі жеңіске жетсе, екіншісі өкінішке қарай, жарысты тоқтатуға мәжбүр болды.
Ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта Нұрсұлтан Алтынбек жапондық Сейдзюро Мидзогутиден басым түсіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жартылай финалға жолдама алды. Бұл жеңіс оған кем дегенде қола жүлде кепілдік береді.
Ал әйелдер арасындағы 48 келіде сынға түскен Гүлназ Бурибаева украиналық Ольга Шалимоваға есе жіберіп, жартылай финалға өте алмады. Жекпе-жек төрешілердің бөлінген шешімімен аяқталды.
Айта кетейік, Thailand Open-2025 турнирі 24 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, КХДР, Қытай Тайбэйі және басқа да елдердің үздік былғары қолғап шеберлері қатысуда.