АҚШ-тың BJPenn.com порталының мәліметінше, UFC ұйымы жартылай орта салмақтағы қазақстандық жұлдыз Шавкат Рахмоновқа чемпиондық белбеу үшін күресуге рұқсат бермес бұрын тағы бір жекпе-жек өткізуді талап етуі мүмкін, деп хабарлайды Sport-24.kz.
UFC комментаторы Джон Эник өзінің подкастында Рахмоновтың келесі қарсыласы ретінде экс-чемпион Белал Мұхаммадты атады. Жекпе-жек қазан айына жоспарланған.
«Шавкат Рахмонов үшін жағдай қиындап кетті. Кәсіпқой мансабындағы 19 жеңістің 18-ін мерзімінен бұрын аяқтаған қазақстандық мықты ұзақ уақыт бойы жартылай орта салмақтағы басты үміткер саналды. Былтыр ол Белал Мұхаммадпен титул үшін кездесуі керек болатын, бірақ қарсыласы жарақатына байланысты бас тартты. Кейін Рахмонов Иэн Мачадо Гэрриді төрешілер шешімімен жеңіп, №1 үміткер мәртебесін бекіткендей болды. Алайда кейін Шавкаттың өзі де жарақат алды.
Осы сәтте жеңіл салмақтағы чемпион Ислам Махачев жартылай орта салмаққа көтерілу туралы шешім қабылдады. Оның Джек Делла Маддаленаға қарсы титулдық жекпе-жек өткізетіні күтілуде. Осылайша, Махачев кезекті айналып өтіп жатқанда, UFC басшылығы Рахмоновтың тағы бір сенімді жеңіске жетуі керек деп шешкен тәрізді.
Ол бұл мүмкіндікті Белал Мұхаммадқа қарсы күзгі жекпе-жекте алуы ықтимал — UFC Таяу Шығысқа оралғанда», — делінген мақалада.
Айта кету керек, Шавкат Рахмоновтың менеджері Дэниэл Рубинштейн бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазіргі таңда Белал Мұхаммадқа қарсы жекпе-жек туралы UFC-ден ресми ұсыныс түспеген.