Футболдан Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін «Тараз» клубы командаға бас бапкер міндетін атқарушы ретінде 51 жастағы маман Нұрмат Мирзабаевтың тағайындалғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Мирзабаев — жамбылдық футболдың түлегі әрі клуб тарихындағы ең титулды ойыншылардың бірі. Ол 1996 жылы «Тараз» сапында Қазақстан чемпионы атанды. Кәсіби мансабында жалпы 301 матч өткізіп, 34 гол соққан. Сонымен қатар Қазақстан ұлттық құрамасында 16 ойын өткізіп, 1 голдың авторы атанған.
Тағайындалуға дейін Нұрмат Мирзабаев «Тараз» футбол орталығында QJ League жобасының үйлестірушісі қызметін атқарған.
Клуб басшылығы жаңа бапкердің жергілікті футболды жақсы білетіндігін және жастармен жұмыс істеудегі тәжірибесін жоғары бағалап отыр.