21/06/25

18 жастағы Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан Азияның алты дүркін чемпионы атанды

Қазақстандық 18 жастағы спортшы Жібек Құлымбетова Амман қаласында (Иордания) өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, құрлық біріншілігінің алты дүркін чемпионы атанды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Жарысқа Азияның 27 елінен 700-ден астам спортшы қатысты. Жібек жарыс жолында Иордания, Сингапур және Оңтүстік Корея спортшыларын сенімді түрде жеңіп, финалда араб мемлекетінің өкілінен басым түсті.

— Бұл жеңісті туған еліме — бүкіл қазақ халқына арнаймын, — деді чемпион қыз өз сөзінде.

Жібек Құлымбетова 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, пурпурлы белбеу иегері ретінде өнер көрсетеді. Ол Алматы қаласындағы Самат Рамазанов атындағы академияның тәрбиеленушісі. Бұған дейін ол:

• 2022 жылы Абу-Даби (AJP) және Ташкентте (AIGA),

• 2023 жылы Астанада (UWW),

• 2024 жылы Абу-Дабиде (IJJF)

Азия чемпионы атанған. Сонымен қатар Жібек дзиу-джитсу және грэпплингтен әлемнің 11 дүркін чемпионы.

Айта кетейік, Азия чемпионатының командалық есебінде Қазақстан құрамасы бірінші орын иеленіп, жалпы 21 алтын, 27 күміс және 26 қола медаль еншіледі. Ассоциация президенті Қуат Сағиев бұл жетістікті жүйелі дайындықтың, тәртіп пен сапалы оқу-жаттығу жиындарының жемісі екенін атап өтті.

Жарыста Жібекпен қатар, оның командаласы Владимир Ермошкин де жақсы нәтиже көрсетіп, қола жүлде иеленді.