21/06/25

Қазақстан боксшылары Бангкоктағы беделді турнирдің екі финалынан тыс қалды

Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан Thailand Open-2025 халықаралық турнирінің жартылай финалдық кезеңінде екі қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Алайда бұл кезең отандық жанкүйерлер үшін сәтсіз аяқталды — қос боксшымыз да қарсыластарына есе жіберді.

55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрсұлтан Алтынбек жергілікті спортшы Саравут Суктхетпен кездесіп, төрешілердің бөлек шешімімен жеңіліп қалды.

Ал 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Данияр Рахимбердинов Қытай елінің өкілі Хан Сюэчжэнге қарсы жұдырықтасып, бір ауыздан қабылданған төрешілер шешімімен жеңісті қолдан жіберді.

Осылайша, қос боксшы турнирді қола медальмен аяқтады.

Алайда, Қазақстан атынан жарысты жалғастырып жатқан спортшылар да бар. Бүгінгі кешкі сессияда (Астана уақытымен 15:00-де басталады) тағы үш жартылай финалдық жекпе-жек өтеді. Онда:

• Виктория Графеева (60 кг)

• Гүлсая Ержан (80 кг)

• Дулат Бекбауов (65 кг)

финал жолдамасын сарапқа салады.

Айта кетейік, жартылай финалдық жекпе-жектер 29 және 30 мамырда, ал финалдар 1 маусымда өтеді.