21/06/25

Магомед Адиев жұмыссыз қалды: «Химки» клубы таратылады

Ресейдің Подмосковьесінде орналасқан «Химки» футбол клубы ресми түрде өз жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Инсайдер Иван Карповтың мәліметінше, клубтың жастар командасы соңғы жаттығуын өткізген. Ертең футболшылар келісім бойынша келісімшарттарын өтемақысыз бұзады.

«„Химки“ клубы өмір сүруін тоқтатады. Егер біреулерде әлі де үміт болса, енді күмәнданудың қажеті жоқ — бүгін жастарға бұл олардың соңғы жаттығуы болғаны айтылды. Ертең келісімшарттар тоқтатылып, клуб ресми түрде жабылады. Бұл — нүкте», — делінген Карповтың Telegram-каналында.

Клуб 2024/2025 жылғы маусымда Ресей Премьер-Лигасының қаржылық лицензиялау талаптарын орындай алмағаны үшін келесі маусымға қатысу құқығынан айырылды. Турнир кестесінде команда 12-орын иеленген.

Айта кетейік, «Химкидің» бас жаттықтырушысы болып Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Магомед Адиев осы жылдың сәуір айында тағайындалған болатын.

Осылайша, Адиев қайтадан жұмыссыз қалды, ал клуб ресейлік футбол тарихында өз парағын жапты.