Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубы 40 жастағы шабуылшысы Криштиану Роналдумен келісімшартты ұзарту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Клубтың спорт директоры Фернандо Йерроның айтуынша, тараптар жаңа келісімге қол жеткізуге ниетті.
«Біз Криштианумен жаңа келісім туралы сөйлесіп жатырмыз. Үмітіміз бар — келісімге келеміз деп сенемін», — деді Йерро. Оның сөзін әйгілі инсайдер Фабрицио Романо өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында келтірді.
Айта кетейік, португалиялық футболшының қолданыстағы келісімі осы жазда аяқталады. Бұған дейін Роналду клубтан кетуі мүмкін деген ақпараттар тараған болатын.
Алайда, жасы 40-қа келсе де, Роналду 2024/2025 жылғы маусымда Сауд Арабиясы чемпионатының үздік сұрмергені атанды — ол 25 гол соқты. Танымал футболшы «Аль-Наср» сапында 2023 жылдан бері ойнап келеді.