21/06/25

Жәнібекке «жалқау» деп мін тақты – америкалық боксшыдан ашық шақыру

Орта салмақта өнер көрсететін америкалық боксшы Кайрон Дэвис (19-3-1, 6 КО) қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлына (17-0, 12 КО) батыл үндеу тастады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Қазіргі таңда Жәнібек WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағына ие. WBA титулы кубалық Эрисланди Лараның (31-3-3, 19 КО), ал WBC белбеуі доминикандық Карлос Адаместің (24-1-1, 18 КО) еншісінде.

— Бұл боксшылардың барлығы чемпиондық атаққа текке қол жеткізген жоқ. Олар жоғары деңгейдегі шын мықтылар. Мен әрқайсысымен жұдырықтасқым келеді.

Лара жасын көрсетіп қалды, әрі ол өзгелерге қарағанда кішірек. Адаместің қорғанысында әлсіз тұстар көп. Ал Жәнібек, менің ойымша, ең жан-жақты дамыған боксшы. Бірақ кей кездері жалқаулық танытады. Дегенмен олардың әрқайсысына қарсы өз кілтіңді табуға болады. Мен сол сынақты қабылдауға дайынмын, — деді Дэвис.

Америкалық боксшының бұл мәлімдемесі жанкүйерлер мен сарапшылар арасында қызу талқыға түсуде. Әсіресе, Жәнібек Әлімханұлының жауабы мен ықтимал жекпе-жекке деген қызығушылық артып келеді.