20/06/25

«Керемет». Азия бокс конфедерациясы Қазақстанның үстемдігін мойындады

Коломбо (Шри-Ланка) қаласында өткен жастар және 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Қазақстан құрамасының айқын басымдығын ерекше атап өтті, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері жалпы есепте 41 алтын, алты күміс және бір қола медаль иеленіп, медальдық есепте көш бастады.

— Қазақстан жастар және 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатында сенсациялық 41 алтын медальмен медаль кестесінде көш бастады. Қазақстанның жас таланттары мен 22 жасқа дейінгі былғары қолғап шеберлері Коломбода өздерінің үстемдігін дәлелдеді. Осылайша, Қазақстан барлық жүлделердің 80%-дан астамын жеңіп алып, өзінің бокс державасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді, — делінген Азия бокс конфедерациясының ресми сайтындағы мақалада.

Екінші орынға Қырғызстан жайғасты. Олар үш алтын, он күміс және он қола медаль жеңіп алып, 23 медальмен өз тарихындағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Бұл елде бокстың дамуына жаңа серпін беруі мүмкін.

Тәжікстан да үш алтын, бес күміс және сегіз қола медальмен Азия чемпионатында өз шеберлігін көрсетті. Айта кетейік, жастар арасындағы ерлер чемпионатында үздік боксшы атағын тәжікстандық Абубакр Ғафуров жеңіп алды.