20/06/25

Данияр Елеусіновтің тағдыры жанкүйерлерді алаңдатуда

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің мансабы жанкүйерлер мен сарапшылардың алаңдаушылығын туғызуда, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов YouTube-тегі «Aqyrys Seitqazy» арнасына берген сұхбатында боксшының қазіргі жағдайына пікір білдірді:

— Данияр Елеусінов туралы айтатын болсақ, ол әуесқой бокста барлығын жеңіп алды. Алғашында бір промоутермен жұмыс істеді, бірақ кейін келісімшарт аяқталып, жаңа промоутер таба алмады. Осылайша көп уақыт жоғалтты. Кәсіпқой бокста уақыт саған қарсы жұмыс істейді. Қазір Данияр тоқтап тұр, жылына бір ғана жекпе-жек өткізеді, — деді Ақшалов.

Айта кетейік, Данияр Елеусінов — Қазақстанның соңғы Олимпиада чемпионы. Ол жуырда UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясынан келген инвестор Турки Аль аш-Шейх негізін қалаған жаңа лигаға келісімшартқа отырған еді. Алайда, оның алғашқы жекпе-жегінің қашан өтетіні әлі белгісіз.

Еске салсақ, Елеусінов өзінің соңғы кәсіби жекпе-жегін 2024 жылдың қыркүйегінде Алматыда өткізіп, филиппиндік Джо Нойнаяны мерзімінен бұрын жеңген болатын.