20/06/25

Геннадий Головкинге ауыр айып тағылды

IBA.PRO ұйымының бас директоры әрі промоутері Ал Сиеста World Boxing ұйымының барлық боксшыларға өз турнирлеріне қатысу үшін міндетті түрде жыныстық тест тапсыруды талап еткен шешімі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport-24.kz.

— Бұл — World Boxing пен Халықаралық Олимпиада комитетінің лас ойыны. Олар IBA-ны жыныстық теңсіздікке қатысты айыптап, беделіне дақ түсіру үшін осындай қадамға барып отыр. Бұл — батыстың әдеттегі әдісі. Қазір өздері осындай жүйе енгізіп алды. Бұл өте қарапайым әрі түсінікті ойын. Бірақ бұл оқиға IBA-ның әділ әрі таза ұйым екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Олар боксты дамытуға қыруар қаржы құйып жатыр. Ал қарсы тараптың лас әрекеттері IBA-ны құртып, енді өздері сол жолмен кетіп барады. Бірақ Құдай бәрін өз орнына қояды, — деді Сиеста.

Айта кетейік, World Boxing федерациясының басшысы — қазақстандық боксшы Геннадий Головкин. Ұйым барлық боксшыларға өз жарыстарына қатысу үшін міндетті түрде жыныстық тестілеуден өту талабын енгізетінін хабарлады. Бұл шешім, әсіресе, Париж Олимпиадасының чемпионы Иман Хелифке ерекше назар аударып отыр.