Мадридтік «Реал» және Хорватия құрамасының 39 жастағы жартылай қорғаушысы Лука Модрич мансабын «Милан» клубында жалғастырады, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Бұл туралы La Repubblica басылымы мәлімдеді. Дереккөз мәліметінше, хорват футболшысы «россонери» командасына ауысуға келісімін беріп, 2026 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қояды. Қазіргі уақытта келіссөздер қызу жүріп жатыр. Айта кетейік, Модрич бала кезінен «Милан» клубының жанкүйері болған.
Лука Модричтің «Реалмен» келісімшарты 2025 жылдың жазында аяқталады. Осылайша, хорват футболшысын «Милан» еркін агент ретінде тегін сатып ала алады.
Модрич 2012 жылдан бері мадридтік клубтың намысын қорғап келеді. Осы уақыт аралығында жартылай қорғаушы командамен бірге 28 трофей жеңіп алды, оның ішінде Чемпиондар Лигасының алты кубогы бар. Ол «Реал» сапында 590 матч өткізіп, 43 гол соғып, 95 нәтижелі пас берген.