21/06/25

Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына айып тақпақ болды

Орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы, доминикандық боксшы Карлос Адамес WBO және IBF белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлының промоутерлерін өзінен қашып жүр деп айыптады, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Осыдан бірнеше күн бұрын Адамес әлеуметтік желідегі парақшасында екінші орта салмақтағы (168 фунт) WBA титулы үшін күрескісі келетінін меңзеген болатын. Оның бір оқырманы одан неге орта салмақта (160 фунт) абсолюттік чемпиондықты көздемей, «Қазақ стилімен» жекпе-жек сұрамайсың деп сұрады.

— Top Rank өз жігіттеріне сенбейді, — деп жауап берді Карлос.

Еске сала кетейік, Карлос Адамес соңғы жекпе-жегін биылғы ақпанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткізіп, британдық Хамза Ширазбен тең түскен еді. Осылайша ол өз чемпиондық атағын қорғап қалды.