Sport-24.kz сайтының хабарлауынша, қазақстандық боксшылар Елшат Нығметолла (21-0-2, 8 KO) мен Армат Арманұлының (3-1, 2 KO) келесі жоспарлары белгілі болды. Бұл ақпаратты Irfin Promotions промоутерлік компаниясы бөлісті.
Екі спортшы да мамыр айының басында өткен жекпе-жектерден кейін жаттығуларын қайта бастап кетті. Арматтың келесі жекпе-жегі ресми түрде бекітілді: қарсыласы, күні мен өтетін орны анықталды. Жақын арада ресми анонс жасалады деп күтілуде.
Ал Елшат Нығметолла келесі кездесуін Қытайда өткізуі мүмкін. Қазіргі таңда қарсыласы мен шарттар бойынша келіссөздер жүріп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 3 мамыр күні Бангкокта (Таиланд) өткен бокс кешінде Елшат Нығметолла намибиялық Филлемон Нгутенаньемен (12-0-2, 4 KO) күтпеген тең есепке қол жеткізіп, жеңіл салмақтағы WBA Asia белдігін қорғап қалды. Ал Армат Арманұлы үндістандық Рахул Сингхті (10-2, 5 KO) екінші раундта нокаутқа түсірді.