Украиналық боксшы Василий Ломаченко (18-3, 12 KO) спорттағы мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport-24.kz.
37 жастағы Олимпиаданың екі дүркін чемпионы және кәсіпқой бокста үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы екі бейнеролик жазды — орыс және ағылшын тілдерінде. Онда ол Иса Мәсіхке, әкесіне, психолог Андрей Колосовқа, менеджер Эгис Климасқа, Top Rank компаниясына және промоутер Боб Арумға, Америка Құрама Штаттарына және жанкүйерлерге алғысын білдірді.
— Әр адамның өмірінде қолғапты шегеге ілетін сәт келеді, — деді Ломаченко. — Біздің тарихымызда да сол күн туды. Ең алдымен, Иеміз Иса Мәсіхке алғыс айтқым келеді. Ол маған барлық жеңістерді, жеңілістерді және өмірдегі қиындықтарды өткеруге жол ашты. Рингтегі жеңістер мен жеңілістер — бұл тек бір бөлігі ғана. Қай бағытта жүру керектігін түсінгеніме қуаныштымын: рингте емес, өз-өзіңді жеңіп шығу.
— Әкем мені тек бокстың қыр-сырына үйретіп қойған жоқ, сонымен қатар өз балаларына үлгі болуды да үйретті. Әкем — мен үшін №1 адам. Отбасым әрдайым қасымда болды, олар менің жеңістеріме шын жүректен қуанатын, ал жеңілістеріме бірге қайғырды.
— Андрей Борисович — ерекше адам. Ол менің карьерамдағы негізгі бөлшек еді. Біз әртүрлі сәттерді бастан өткердік. Бірақ ол әрқашан қасымда болды. Сіздің адамгершілік қасиеттеріңіз — бөлек әңгіме. Рахмет сізге!
— Эгис, саған және отбасыма жасаған барлық көмегің үшін мың алғыс. Сен нағыз кәсіпқой менеджерсің, және досым, отбасымның бір мүшесі болдың.
— Top Rank компаниясына және Боб Арум мырзаға бокстағы мүмкіндіктер үшін ризамын. Америка Құрама Штаттарына өзімді жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз.
— Әрине, мені үнемі қолдап келген жанкүйерлерімді де ұмытпаймын. Сіздерсіз бұл жекпе-жектер болмас еді.
— Әлемге бейбітшілік тілеймін.