Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген өзінің ұлттық командадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sport-24.kz.
— Бұл менің Қазақстан құрамасындағы соңғы ойыным. Мен осындай шешім қабылдадым. Барлық жанкүйерлерге үлкен рахмет. Мен құрамада алғаш рет 2014 жылы дебют жасадым. Осы 11 жыл бойы қолдау көрсеткендеріңізге рахмет. Ұлттық құраманың бір бөлігі болғаныма және капитаны болғаныма қуаныштымын. Барша жанкүйерлерге алғыс айтамын. Көптеген хейтерлер жастарға орын беру керек дейді, бәлкім бүгін олар қуанған шығар. Әрине, жастарға жол беру керек. Мен жастардың Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионатына және әлем чемпионатына шығаратынына сенемін. Мен жастарға сенемін. Баршаға рахмет. Алға, Қазақстан! — деді капитан.
Тағыберген ұлттық құрама сапында 63 матч өткізіп, үш гол соғып, жеті нәтижелі пас берген.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы үй матчында Солтүстік Македонияға 0:1 есебімен есе жіберді.