Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны Асхат Тағыберген «Спорт Министрі» бағдарламасына берген сұхбатында отандық футболдың қазіргі ахуалы туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды Sport-24.kz.
— Қазақстан чемпионатында өзіміздің жігіттер ойнамайтыны мені қатты қынжылтады. Қабылданған заң бар, ол ұлттық құраманың жағдайына әсер етеді деп ойлаймын. Алдағы уақытта жаңа басшылық осыны ескеріп, заң аясында жұмыс істейді деп сенемін. Мемлекет басшысы да қолдау көрсетіп, стадиондар салып жатыр, балалар футболына назар аударып отыр. Егер жаңа, сапалы стадиондар салынса, жақсы футболшылар да шығатын болады, — деді Тағыберген.
Еске салайық, кеше Қазақстан құрамасы өз алаңында Солтүстік Македониядан ӘЧ-2026 іріктеу турнирі аясында жеңіліп қалды. Осы ойыннан кейін «Тобол» жартылай қорғаушысы ұлттық құрамадан кететінін жариялады.