Париждегі 2024 жылғы Олимпиаданың чемпионы Елдос Сметов Еуропадағы жанкүйерлердің үлкен назарын өзіне аударды, деп хабарлайды Sport-24.kz.
Қазіргі уақытта Будапешт қаласында өтіп жатқан дзюдодан 2025 жылғы әлем чемпионатында Елдос Сметов қазақстандық спортшыларды қолдау үшін келген. Ол өзінің Instagram парақшасында жарыс алаңынан кадрлармен бөлісті. Бейнежазбаларда Сметовке көптеген жанкүйерлер келіп, қолтаңба сұрағаны, ал Олимпиада чемпионы ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, барлығына жауап беруге тырысқаны көрініп тұр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы ең жоғары жетістігі — Әбиба Абужақынованың (48 кг дейін) күміс жүлдесі. Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев турнирдің ширек финалында жеңіліп, жүлдесіз қалды.