20/06/25

ХОК Елдос Сметовтың татамиге қашан оралатынын ресми түрде хабарлады

Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың спортқа қайта оралатын уақыты белгілі болды. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайты жазды, деп хабарлайды Sport-24.kz.

Париждегі 2024 жылғы Олимпиадада алтын алған соң, Сметов батыл шешім қабылдап, Ұлыбританияға аттанды. Оның басты мақсаты — ағылшын тілін меңгеру және өзін жаңа деңгейде дамыту. «Олимпиада чемпионы атанған соң, бүкіл әлем мені бақылап отырды. Журналистердің бәрі ағылшын тілінде сөйлейді. Бұрын мен тек “Сәлем, қалайсың?” дей алатынмын. Енді мен “Мен Олимпиада чемпионым” дей аламын», — деп әзілдеді Елдос.

Лондонда өткізген уақыты Сметовке физикалық және психологиялық тұрғыда қалпына келуге мүмкіндік берді. Себебі ол үш бірдей Олимпиада циклында әлемнің ең жеңіл салмағында күресті. Бұл оған үлкен салмақ салды.

Сметов Париж Олимпиадасынан кейін ресми жарыстарға қатыспағанымен, алдағы уақытта татамиге қайта оралу жоспары бар екенін растады. «Менің арқамда алтын жапсырма бар – бұл тек Олимпиада чемпиондарына ғана беріледі. Бірақ мен оны әлі киіп, жарысқа шыққан жоқпын. Сол формамен татамиге шығуды армандаймын», — деді Елдос.

Айта кетейік, Сметов – Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы дзюдодан алғашқы Олимпиада чемпионы. Ол Олимпиада ойындарының барлық жүлдесіне (алтын – Париж-2024, күміс – Рио-2016, қола – Токио-2020) ие болған жалғыз қазақ дзюдошысы.