Қызылордада салынып жатқан жаңа футбол стадионы 2025 жылдың тамыз айының соңында ашылады деп жоспарлануда. Бұған дейін нысанды мамыр айында пайдалануға беру көзделген, алайда құрылыс жұмыстарының кешігуіне байланысты мерзім шегерілді. Қазіргі таңда құрылыс барысы шамамен 70 пайызға аяқталған.
Стадионның сыйымдылығы бұрынғы 7 мың орыннан 11 мың көрерменге дейін ұлғайды. Жаңа арена УЕФА-ның үшінші санат талабына сай келіп, бірқатар халықаралық ойындарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Клубтық турнирлер аясында стадионда келесі деңгейге дейінгі ойындар өткізуге болады:
•Чемпиондар лигасы – 3-іріктеу кезеңіне дейін
•Еуропа лигасы – 3-іріктеу кезеңіне дейін
•Конференциялар лигасы – плей-офф іріктеу кезеңіне дейін
•УЕФА Жастар лигасы – толықтай
Ұлттық құрамалар үшін:
•Достық кездесулер
•Еуро және Әлем чемпионатына іріктеу матчтары (УЕФА рұқсат берсе)
•Әйелдер құрамалары арасындағы турнирлер
Алайда бұл стадионда Чемпиондар лигасының, Еуропа лигасының немесе Конференциялар лигасының топтық және плей-офф кезеңдері, сондай-ақ финалдық ойындар өткізілмейді. Сонымен қатар, жастар мен әйелдер арасындағы финалдық жарыстар және ірі халықаралық турнирлердің шешуші ойындарына да рұқсат жоқ.
Стадион инфрақұрылымы келесі нысандармен жабдықталады:
•Бокс, күрес, ауыр атлетика, гимнастика, таэквондо және йога залдары
•Заманауи футбол алаңы және толық абаттандырылған аумақ
Бюджет:
Бастапқыда 17–18 миллиард теңге көлемінде бағаланған жобаның қазіргі құны 20,9 миллиард теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарын қызылордалық “Нұрлытау ЛТД” компаниясы жүргізуде.
Маусым айындағы құрылыс ахуалы:
•Шығыс және батыс трибуналар толық аяқталды
•Соңғы трибуна құрастырылып жатыр
•Стадион аумағын абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын
Аталған спорт нысаны “Қайсар” футбол клубының үй аренасы ретінде пайдаланылатын болады. Болашақта стадионды УЕФА-ның төртінші санатына көтеру де мүмкін. Ол үшін қосымша автотұрақтар, баспасөз орталықтары және телетүсірілім аймақтары қажет. Айта кетейік, 2020 жылы Костанайдағы ескі стадион дәл осындай жаңартулар арқылы төртінші санатқа өткен болатын.